Axios: Мәскеу Иран уранды байытудан толық бас тартуы тиіс деп санайды

Ресей және Иран басшылары Владимир Путин және Масуд Пезешкиан. Мәскеу, 17 қаңтар 2025 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп және Иран өкілдерімен жабық келіссөз кезінде Иранның уранды байытудан толық бас тартуын қарастыратын ядролық келісімді қолдаған. Бұл жөнінде үш еуропалық және бір израильдік дереккөзге сүйенген Axios басылымы жазды.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, Мәскеу Тегеранға уранды байытудан бас тартуға кеңес берген. Осындай ұстанымын Ресей жағы АҚШ, Израиль мен Францияға да жеткізген. Келісім жасалған жағдайда Ресей Ираннан жоғары байытылған уранды алып кетуге дайын.

"Путин уран байытудан бас тартуды қолдайды. Ол ирандықтарды америкалықтармен келіссөзді тиімдірек ету үшін осы бағытта жұмыс істеуге шақырды. Ирандықтар мұны қарастырмайтындарын айтты" деп Axios басылымы еуропалық шенеуніктердің бірінің сөзін келтірді.

Басылымның жазуынша, Мәскеу көптің алдында Тегеранның уран байыту құқығын қолдағанмен Израиль мен Иран арасында жуырдағы 12-күндік соғыстан кейін Кремль ұстанымын қатайтқан. Нәтижесінде Иранның Ресейден көңілі қалды деп жазды Axios.