Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу үшін талапкерлерден грантқа өтініш қабылдау басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, талапкерлерден өтініш 13 мен 20 шілде аралығында қабылданады.
Құжаттарды egov.kz арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы тапсыруға болады.
Гранттар конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі шекті баллдар белгіленген:
- «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл;
- Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл.
Министрліктің айтуынша, жоғары оқу орындарының шекті балды белгілеуге құқығы бар. Білім гранты иелері 10 тамызға дейін жарияланады.
Биыл ҰБТ-ға шамамен 210 мың талапкер қатысқан. Мемлекет 2025 жылы бакалавриат бойынша 77 мыңнан астам білім грантын бөледі.
Былтыр білім гранты бөлінген кезде жоғары балл жинаған, бірақ грант ала алмаған қазақстандық талапкерлер гранттардың әділетсіз бөлінгенін айтып, кейбірі министрлікті сотқа берген еді. Гранттан қағылған талапкерлердің наразылығынан кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары бал алған түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Министрдің отставкасын талап еткен студент кассациялық шағым түсіретінін айтты