Ресей мен Қытай сыртқы істер министрлері Пекинде кездесті

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Пекинде Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөз жүргізді. Лавровтың бұл сапары Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сыртқы істер министрлерінің Қытайда өтіп жатқан кездесуіне орайластырылған.

"Тараптар АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастарды және Украина дағдарысын саяси-дипломатиялық жолмен реттеу болашағын талқылады", – деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрлігі.

Қытай мен Ресей 2022 жылдың ақпанында – Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық жасардан бірнеше күн бұрын – президент Владимир Путин Пекинге барған кезде "шектеусіз серіктестік" туралы мәлімдеме жасаған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рютте: Қытай Ресейге НАТО аумағына шабуыл жасау жайлы қолқа салуы мүмкін

Қытай ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қатысты бейтарап ұстанымда екенін мәлімдеп, Украина аумағының тұтастығына құрметпен қарайтынын айтып келеді. Сонымен бірге Қытай Ресейдің қауіпсіздік мәселелері де ескерусіз қалмауы керек дейді.

Алайда, Азат Еуропа / Азаттық радиосына аты-жөнін жарияламай сұхбат беруге келіскен Еуроодақ шенеуніктерінің сөзінше, 2 шілде күні Брюссельде өткен келіссөздер кезінде Ван И Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Калласқа Қытай Ресейдің бұл соғыста жеңілуіне жол бере алмайтынын айтқан. Оның себебі – Ресейдің жеңілісі АҚШ-қа Қытайға көбірек назар аударуға мүмкіндік береді.

Калласпен әңгіме барысында Ван И ҚытайРесейге әскери немесе қаржылай қолдау көрсетіп отыр деген айыптауларды жоққа шығарған. Каллас болса Пекинді Украинадағы атысты тоқтату жөніндегі бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақ Қытай Ресейге салынған санкциялардың көп бөлігін айналып өтіп отыр деп сезіктенеді