Ресей сенбіге қараған түні Львов, Черновцы, Луцк және Харьков қалаларын атқылады

Черновцы қаласына жасалған шабуылдың салдары. 12 шілде 2025 жыл.

12 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға ракета және дрондармен жаппай шабуыл жасады. Львов, Черновцы, Луцк, Харьков қалалары атқыланды.

Львовта 6 адам жарақаттанды. Қалада екі көп қабатты үй, балабақша, ондаған көлік бүлінді. Сымдар үзілгендіктен троллейбустар істемей қалған.

Жергілікті билік мәліметінше, екі өнеркәсіп нысанына зиян келген. Ресей әскері "Электрон" корпорациясының ғимаратын нысанаға алған болуы мүмкін.

Черновцы қаласында дрон мен ракета бөлшектерінің құлауы салдарынан екі адам қаза болды, төрт адам ауыр жарақаттанды. Он адам жеңіл жарақаттанған. Тұрғын үйлер мен дүкендер, әкімшілік ғимараттар мен көліктер бүлінді.

Луцкіде жеке үй қирап, көрші ғимараттың әйнегі сынған. Көлік өртенген. Адам шығыны жоқ.

Харьков қаласында әскери әкімшілік мәліметінше, Киев ауданындағы нысандарға соққы тиген. Шабуыл кезінде екі авиабомба мен 8 дрон қолданылған деп айтылады. Кәсіпорын, тұрғын үй, гараж бен автомобиль бүлінді.

Днепропетровск облысында бүгін таңертең Ресей әскерінің тастаған авиабомбасынан екі адам мерт болды. Бұған қоса, кеше қаланы атқылау кезінде ауыр жараланған бір тұрғын ауруханада қайтыс болды.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің хабарлауынша, түнде Ресей әскері 26 қанатты зымыран мен 600-ге жуық дрон жіберген.

Украинаның әуе күштері Х-101 деп аталатын 25 қанатты зымыран мен 319 соққы дронын атып түсіргенін хабарлады. Тағы 258 дрон-имитатор радиоэлектронды күрес құралдарымен істен шығарылған.