Сирияның оңтүстігінде жағдай ушыққан шақта Израиль Дамаскідегі бас штабтың ғимаратына соққы жасады

Сирияның оңтүстігінде жағдай ушыққан шақта сәрсенбі күні Израиль Дамаскідегі сириялық бас штабтың ғимаратына дронмен соққы жасады. Израиль әскері Сириядағы аз ұлт - друздарды қорғау мақсатында үкімет әскеріне шабуылдағанын айтты.

Друздар мен бедуиндардың қақтығысы және ізінше сириялық әскердің шабуылынан 200-ден астам адам қаза болған.

Жуырда Сирия әскері елдің оңтүстігіндегі Эс-Сувейда қаласына кірген. Мұнда друздар мен бедуиндар қақтығысып қалған. Нәтижесінде Сирия ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 30-дан астам адам мерт болған, шамамен 100 адам жараланған. Әскер кіргізілгеннен кейін қаза болғандар 248 адамға жетті деп хабарлады адам құқығы жөніндегі сириялық бақылау тобы. Друздардың жетекшілерінің бірі шейх Хикмат әл-Хаджри Сирия үкіметін бейбітшілікті бұзды, қаланы бомбалады деп айыптады. Ал Сирия әскері атысқа тек жауап бергенін мәлімдеді.

Израиль әскері 14 шілдеде Сирия әскері орналасқан Эс-Сувейда ауданына соққы жасаған. Израиль әскері мәлімдемесінде «Израильдегі друз азаматтарымен терең бауырластық сезіміне» байланысты Сириядағы друздарды қорғау міндеті туралы айтқан.

Сәрсенбі күні Израиль әскері Израиль аннексиялап алған Голан жотасы мен Сирия арасындағы шекарадағы қақтығысқа араласты. Ақпаратқа қарағанда, ондаған друз Израиль бақылауындағы аумаққа өтуге ұмтылған, бір мезетте Голандағы друздар да Сирия билігінің әрекетіне наразылық білдіріп, қарама-қарсы жаққа өтпек болған.

Times of Israel жазуынша, аннексияланған аумақтан друздар Сирия жағына өтпес үшін Израиль әскері жас ағызатын газ пайдаланған.