"Журналистерді қорғау комитеті" Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптады

Азат Еуропа / Азаттық радиосының ғимараты. Прага, Чехия.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to protect journalists, CPJ) Азаттықтың 16 тілшісіне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптап, ресми Астананы тілшілерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырды.

"Біз Қазақстанның Азат Еуропа/Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешімін айыптаймыз. Былтырғы Азат Еуропа/Азаттықтың 36 тілшісін аккредитациядан айыру жағдайы қайталанып отыр. Мұндай негізсіз қадам басылымды танымал және жоғары бағаланатын репортаждары үшін жазалау сияқты көрініп отыр. Қазақстан билігі дереу мұндай шешімнен бас тартып, Азаттық тілшілеріне еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Ұйым X-тегі (бұрынғы Twitter) парақшасында жариялаған жазбасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақорда мен Қазақстан сыртқы істер министрлігін белгілеген.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының 16 тілшісін аккредиттеуден бас тартқан. Ведомство жіберген жауабында "Азаттық қызметкерлері тиісті аккредиттеусіз жұмыс істеді" деп айыптаған. Бірақ Азаттық мұнымен келіспеген. Азаттық Қазақстан заңы талаптарын орындай отырып, аккредиттеу туралы өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын, яғни уақтылы берген. Бірақ министрлік нақты себебін айтпастан, өтінішті қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқан еді.

Өткен аптада Азаттық 16 тілшісіне аккредитация беруден бас тартқаны үшін Қазақстанның сыртқы істер министрлігін сотқа берген. Аккредитация ала алмаған қызметкерлер арасында Азаттықтың Қазақ қызметінің, "Азаттық Азия" орыстілді редакциясының және "Настоящее время" телеарнасының тілшілері, редакторлары мен операторлары және Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы да бар.

"Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова министрлік өтінішті қарауды себепсіз ұзарту арқылы журналистердің құқықтары шектелетін жағдайды қолдан жасады деп отыр деп айтқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бұл шешіміне алаңдаушылық білдірген.

2024 жылғы қаңтарда да Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан еді. Азаттықтың кей тілшілері аккредитациясын 2022 жылдың аяғынан бері ұзарта алмай келген.

Былтыр 30 қаңтарда Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бұл шешімге наразылық білдіріп, сотқа жүгінген. 30 сәуірде Азат Еуропа / Азаттық радиосы (АЕ/АР) мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі тілшілердің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келген. Бұдан соң Азаттық тілшілеріне 6 айға аккредитация берілген еді.

2024 жылғы 20 желтоқсанда шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу ережесі өзгерді. Жаңа ережеге сәйкес, енді шетел ақпарат құралдары өкілдіктері аккредитациясы бұрынғыдай мерзімсіз емес, бес жылға беріледі. Шетелдік БАҚ тілшісінің ұрақты аккредитация мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Ал уақытша аккредитация үш айға беріледі. "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) сыртқы істер министрлігінінің аккредиттеу тәртібіне алаңдаушылық білдірген.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының дәстүрлі еркін сөз рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық ұйымдардың бағалау әдістері әртүрлі болатынын, елде еркін баспасөздің дамуына жағдай жасалғанын айтады.