ЖАҢАЛЫҚТАР
АҚШ азаматтарына Сочиде сақ болуды ескертті

АҚШ мемлекеттік департаменті сайтында жарияланған ескертуде, америкалық азаматтарға төнген қауіп-қатер жайлы нақты деректер болмаса да, Олимпиада ойындары кезінде, мәселен, қоғамдық көлікті пайдаланғанда қырағылық танытуға шақырған. Олимпиада ойындары сияқты ауқымды шараларды террористердің нысанаға айналдыруды көздейтінін ескерткен мемлекеттік департамент АҚШ азаматтарына адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге және наразылықтар мен шерулер өтетін ауданда сақ болуға кеңес берген.
Ресми құжатта Сочи Олимпиадасын тамашалауға баратын америкалықтарға ол жерде қылмыс деңгейі жоғары және Ресейдің медициналық сақтандыру стандарттары батыс елдеріндегіден өзгеше екендігі ескертілген.
Сонымен бірге, АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейде гомосексуализмді насихаттауға тыйым салу туралы былтыр қабылданған заң Ресей азаматтарымен қоса шетелдіктерге де қолданылатынын америкалық азаматтарға айрықша ескерткен.
Басқа да жаңалықтар
Техастағы тасқын салдары: 160-тан астам адам әлі табылмай жатыр

АҚШ-тың Техас штатында болған тасқын салдарынан қаза тапқандар саны 129 адамға жетті, ал тағы 166 адамнан ешқандай хабар жоқ. Бұл туралы жергілікті биліктің деректеріне сүйеніп, ABC News агенттігі хабарлады.
Тасқыннан ең қатты зардап шеккен Керр округінде кемінде 103 адам қаза тапқан, олардың 36-сы – бала. Қайтыс болғандардың кемінде 27-сі Гуадалупе өзенінің жағасында орналасқан Camp Mystic деп аталатын қыз оқушыларға арналған жазғы лагерьде демалып жатқан балалар мен тәрбиешілер. 4 шілдеге қараған түні толассыз жауған нөсердің салдарынан тасыған Гуадалупе өзені кенет арнасынан асып, жойқын екпінмен төңірекке жайылған.
11 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Техасқа барып, жедел қызмет өкілдері мен жергілікті шенеуніктермен бірге жиынға қатысты.
"Біз мұнда бірінші ханым екеуіміз осынау сұмдық әрі адам шығынына әкелген тасқынға байланысты бүкіл еліміз атынан Техас халқына қайғысына ортақтасып, көңіл айтуға және қолдау танытуға келдік. Мұндай апаттың қалайша және не себепті болғанын ешкім де нақты айта алмай отыр", – деген Трамп.
Газа секторында жұрт су алатын жерге зымыран түсіп, сегіз адам қаза тапты

13 шілде күні Газа секторындағы Нусейрат босқындар лагерінде бос ыдыстарын ұстап, су алуға келген бір топ адам тұрған жерге Израиль күштері атқан зымыран түскен. Салдарынан кемінде сегіз адам қаза тауып, он жеті адам жараланған.
Reuters агенттігі жергілікті биліктің дерегіне сүйеніп, қаза тапқандар арасында алты бала бар, ал жараланғандардың көпшілігінің жағдайы өте ауыр деп хабарлады.
Израиль армиясы зымыран АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған "Исламдық жихад" тобының содырын нысанаға алған еді, бірақ "техникалық ақауға байланысты", көздеген жерден ондаған метр ауытып кеткен деп мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.
"ЦАХАЛ бейбіт тұрғындарға келтірілген кез келген зиянға қыжылыс білдіреді", – делінген ресми мәлімдемеде.
Ресей бір аптада Украинаны 1800 дронмен және 83 зымыранмен атқылады

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбідегі кезекті үндеуінде кейінгі аптада Ресей күштерінің Украина аумағына жасаған ауқымды шабуылдары туралы айтты. Оның сөзінше, апта ішінде Ресей армиясы Украина аумағын атқылауға 1800-ден астам дрон, 1200-ден астам басқарылатын авиация бомбасын және түрлі типтегі 83 зымыран қолданған.
"Ресей біздің қалаларымыз мен елді мекендерімізге қарсы террорды күшейтіп, халықты барынша қорқытуға тырысып жатыр", — деді Зеленский.
Ресейдің қарқынды шабуылдарына қарамастан, Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері оған тойтарыс берген кезде тиімділігін көрсетіп келеді деді Зеленский. Ол әсіресе дрондарға тосқауыл қоятын құралдардың жұмысын ерекше атап айтты. Осы аптада солардың көмегімен Ресей қарулы күштері белсенді түрде пайдаланатын ирандық жүздеген "Шахед" дроны атып түсірілген.
Зеленскийдің сөзінше, "камикадзе-дрондар" — Ресей соғысты созуға пайдаланып отырған қару түрлерінің бірі. Бұл қауіп-қатерді залалсыздандыру — қарулы қақтығысты тоқтату мақсатын көздейтін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға қажет деді Украина президенті.
CBS: Трамп Украинаға көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Украинаға әскери қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазды дереккөздерге сүйенген CBS News.
Басылымның жазуынша, бұл Ресейге "сигнал жіберу" мақсатында жасалған да болуы мүмкін. Осы аптада Ресей бір түнде Украинаға 7 қанатты зымыран мен алты "Кинжал" аэробаллистикалық ракета, 728 дрон ұшырып, соғыс басталғалы бері ең ірі шабуылын жасаған.
Украинаға жаңа көмек қайдан алынатыны белгісіз, бірақ CBS News дереккөзінің сөзінше, Трамптың Джо Байден әкімшілігінен қалған 3,85 млрд долларды Украинаға бөлуге өкілеті бар. Бұл қаражат Украинаға америкалық әскери техниканы жіберу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Бұған қоса, президент шамамен 5 млрд доллар болатын бұғатталған ресейлік активтерді кәмпескелеп, Украинаға бере алады. CBS News-дің жазуынша, Трамп та, Байден де бұл құқықты пайдаланбаған.
- 2022 жылдан бері АҚШ Украинаға ондаған миллиард доллар әскери көмек берген. Бұған дейін Трамп бұл шығынды сынап, Украина мен Ресейді бейбіт келісімге келуге шақырған. Ол екеуін де алма кезек сынаған.
- Кейінгі күндері Трамп Ресей президенті Владимир Путинді қатаң сынап келеді. 8 шілдеде кабинет отырысы кезінде Америка басшысы "шынына келсек, Путин бізді бос сөзбен алдарқатып келеді. Ол өзін өте әдепті ұстайды, бірақ мұнысы мағынасыз болып барады" деді. 10 шілдеде NBC арнасына берген сұхбатында Ресейден "қатты көңілі қалғанын" айтып, дүйсенбі, 14 шілдеде маңызды мәлімдеме жасайтынын айтқан.
Солтүстік Корея Ресейге 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін

Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снаряд жеткізіп жатыр, Пхеньян барлығы 152 мм калибрлі 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея барлау қызметіне сүйенген "Ренхап" агенттігі жазды.
Барлау қызметінің дерегінше, осыған дейін Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снаряд тиелген шамамен 28 мың контейнер жөнелткен.
"Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді.
Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, онда өзара әскери көмек туралы пункт те бар. Былтыр күзден бері Оңтүстік Корея барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнайы қызметі Ресейге солтүстіккореялық сарбаздардың келгенін хабарлаған. Олар Украина әскерімен шайқастарға қатысқан. Ізінше олардың бір бөлігінің соғыста қаза болғаны хабарланды.
AFP: Бакуде Израиль және Сирия өкілдері кездесті

Сирия президенті Ахмед әш-Шараа Бакуге барған күні Әзербайжан астанасында Израиль және Сирия өкілдерінің тіке кездесуі өтті. Бұл жөнінде Дамаскідегі аты-жөнін атамаған дереккөзге сүйенген AFP жазды.
Дереккөз дегенмен Сирия президентінің "Израильдің Сириядағы әскери қимылы" талқыланған кездесуге қатыспағанын айтты.
Былтыр желтоқсанында Сирияда Башар Асад режимі құлағаннан кейін Израиль Сирияның әскери нысандарына әуеден соққы беріп, өз әскерін БҰҰ бақылауындағы буферлік аймаққа жіберген.
"Әл-Каидамен" байланысы үшін Сирияның жаңа үкіметіне сенімсіздік танытып, ондағы әскери нысандарды қиратқан Израильдің әрекетіне қарамастан Ахмед әш-Шараа "Сирия көршілермен жанжалдаспайды" деп талай мәлімдеп, атқылауды тоқтату үшін халықаралық қауымдастықты Израильге қысым жасауға шақырған еді. Жуырда Сирия үкіметі буферлік аймақ құруды көздеген 1974 жылғы келісімге оралу мақсатында Израильмен тіке емес келіссөз жанданғанын растаған.
Маусым соңында Израильдің сыртқы істер министі Гидеон Саар Израиль Сириямен қарым-қатынасты қалпына келтіруге мүдделі деп мәлімдеген. Кейбір дереккөздер Израильмен келісім төңірегіндегі әңгімелерді "асығыстық" деп атағанмен АҚШ-тың Сирия бойынша арнайы уәкілі Том Барак осы аптада "Сирия мен Израиль арасында диалог басталды" деп мәлімдеген.
Мамыр айында Сирия президенті Ахмед әш-Шараамен Эр-Риядта кездескеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Сирия Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтірген өзге де араб елдеріне қосылатын болар деп үміттенген.
Сирия президенті Бакуға сапары барысында Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен сөйлескенін екі елдің үкіметтері де растады. Әзербайжан екі елдің негізгі одақтасы Түркия арқылы Сирияға газ экспорттала бастағанын айтты.
Қазақстанда талапкерлерден білім грантына өтініш қабылдау басталды

Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу үшін талапкерлерден грантқа өтініш қабылдау басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, талапкерлерден өтініш 13 мен 20 шілде аралығында қабылданады.
Құжаттарды egov.kz арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы тапсыруға болады.
Гранттар конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі шекті баллдар белгіленген:
- «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл;
- Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл.
Министрліктің айтуынша, жоғары оқу орындарының шекті балды белгілеуге құқығы бар. Білім гранты иелері 10 тамызға дейін жарияланады.
Биыл ҰБТ-ға шамамен 210 мың талапкер қатысқан. Мемлекет 2025 жылы бакалавриат бойынша 77 мыңнан астам білім грантын бөледі.
Былтыр білім гранты бөлінген кезде жоғары балл жинаған, бірақ грант ала алмаған қазақстандық талапкерлер гранттардың әділетсіз бөлінгенін айтып, кейбірі министрлікті сотқа берген еді. Гранттан қағылған талапкерлердің наразылығынан кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары бал алған түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтқан.
Axios: Мәскеу Иран уранды байытудан толық бас тартуы тиіс деп санайды

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп және Иран өкілдерімен жабық келіссөз кезінде Иранның уранды байытудан толық бас тартуын қарастыратын ядролық келісімді қолдаған. Бұл жөнінде үш еуропалық және бір израильдік дереккөзге сүйенген Axios басылымы жазды.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, Мәскеу Тегеранға уранды байытудан бас тартуға кеңес берген. Осындай ұстанымын Ресей жағы АҚШ, Израиль мен Францияға да жеткізген. Келісім жасалған жағдайда Ресей Ираннан жоғары байытылған уранды алып кетуге дайын.
"Путин уран байытудан бас тартуды қолдайды. Ол ирандықтарды америкалықтармен келіссөзді тиімдірек ету үшін осы бағытта жұмыс істеуге шақырды. Ирандықтар мұны қарастырмайтындарын айтты" деп Axios басылымы еуропалық шенеуніктердің бірінің сөзін келтірді.
Басылымның жазуынша, Мәскеу көптің алдында Тегеранның уран байыту құқығын қолдағанмен Израиль мен Иран арасында жуырдағы 12-күндік соғыстан кейін Кремль ұстанымын қатайтқан. Нәтижесінде Иранның Ресейден көңілі қалды деп жазды Axios.
Ресей сенбіге қараған түні Львов, Черновцы, Луцк және Харьков қалаларын атқылады

12 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға ракета және дрондармен жаппай шабуыл жасады. Львов, Черновцы, Луцк, Харьков қалалары атқыланды.
Львовта 6 адам жарақаттанды. Қалада екі көп қабатты үй, балабақша, ондаған көлік бүлінді. Сымдар үзілгендіктен троллейбустар істемей қалған.
Жергілікті билік мәліметінше, екі өнеркәсіп нысанына зиян келген. Ресей әскері "Электрон" корпорациясының ғимаратын нысанаға алған болуы мүмкін.
Черновцы қаласында дрон мен ракета бөлшектерінің құлауы салдарынан екі адам қаза болды, төрт адам ауыр жарақаттанды. Он адам жеңіл жарақаттанған. Тұрғын үйлер мен дүкендер, әкімшілік ғимараттар мен көліктер бүлінді.
Луцкіде жеке үй қирап, көрші ғимараттың әйнегі сынған. Көлік өртенген. Адам шығыны жоқ.
Харьков қаласында әскери әкімшілік мәліметінше, Киев ауданындағы нысандарға соққы тиген. Шабуыл кезінде екі авиабомба мен 8 дрон қолданылған деп айтылады. Кәсіпорын, тұрғын үй, гараж бен автомобиль бүлінді.
Днепропетровск облысында бүгін таңертең Ресей әскерінің тастаған авиабомбасынан екі адам мерт болды. Бұған қоса, кеше қаланы атқылау кезінде ауыр жараланған бір тұрғын ауруханада қайтыс болды.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің хабарлауынша, түнде Ресей әскері 26 қанатты зымыран мен 600-ге жуық дрон жіберген.
Украинаның әуе күштері Х-101 деп аталатын 25 қанатты зымыран мен 319 соққы дронын атып түсіргенін хабарлады. Тағы 258 дрон-имитатор радиоэлектронды күрес құралдарымен істен шығарылған.
Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болды

Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиға 12 шілдеде таңертең Назарбаев даңғылының бойында болған. Жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшының басы жарақаттанған. Ол қорғаныш каскасыз істеген деп айтылады. Алған жарақаттан жұмысшы оқиға орнында қаза болды.
"Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды" деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиғаның жай-жапсары тергеу кезінде анықталатыны айтылды.
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмауы салдарынан жұмысшылар жиі қаза болады. Биыл мамырда Шығыс Қазақстан облысында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған.
Лавров: Курск облысына әскер жіберуді Пхеньянның өзі ұсынды

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Курск облысына әскер жіберуді Пхеньянның өзі ұсынды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу мұндай ұсынысты "шынайы тілектестік нышаны" ретінде қабылдаған. Ол Солтүстік Кореямен қарым-қатынас "мызғымас бауырластыққа" негізделгенін айтты.
"Біз Солтүстік Корея басшысы, мемлекеттік істер төрағасының ұсынысына жауап бердік. Шынайы тілектестіктен бас тартуға негіз жоқ еді. Солтүстік Корея стратегиялық серіктестік туралы келісіміміз қандай түрде жүзеге асатынын өзі анықтайды" деді Лавров Солтүстік Корея сыртқы істер министрі Цой Сон Химен келіссөзден кейін.
Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын тұрақты түрде өзара хабар алмасып отыр.
Солтүстік Корея министрі өз сөзінде Пхеньян Ресейдің әрекетін сөзсіз қолдайтынын жеткізді. "Мемлекетаралық келісімнің барлық шарттарын орындауға дайынбыз" деді ол.
Солтүстік Корея әскері 2024 жылдан бері бір бөлігі украин күштерінің бақылауында болған Ресейдің Курск облысындағы шайқастарға қатысқан. Олардың соғысқа қатысып жатқаны жөнінде ақпарат ең алғаш рет 2024 жылы қазанда пайда болды. Бірақ Ресей бұл ақпаратты 2025 жылы сәуір соңында ғана ресми түрде мойындаған.
Украинаның ресми тұлғаларының мәліметінше, былтыр күзде Солтүстік Корея Ресейге шамамен 11 мың әскери қызметкерін жіберген. Оңтүстік Корея барлау қызметінің дерегінше, Ресей жағында соғысқан шамамен 600 солтүстіккореялық сарбаз қаза болған болуы мүмкін, бірақ олардың аты-жөнін анықтау әзірге мүмкін болмады.
Украина мен Оңтүстік Корея барлау қызметі алдағы айларда Солтүстік Корея тағы 25-30 мың солдатын Ресейге жіберуі мүмкін деп болжайды. CNN хабарлауынша, олар Ресей басып алған украин жеріндегі шайқастарға қатысуы мүмкін.
Өзбекстанда дәріге уланып, сал ауруына шалдыққан қыз қайтыс болды

Өзбекстанда жөтелге қарсы «Док-1 Макс» дәрісін ішіп, мүгедек болып қалған Жизақ облысының тұрғыны, 1 топтағы мүгедек 8 жасар Мүслима Зиевбоева қайтыс болды.
Қыздың әкесі Gazeta.uz сайтына қызының 3 шілдеде қайтыс болғанын айтты.
Сот құжаттарына сәйкес, Мүслиманың ата-анасы дәрігерлердің кеңесімен 2022 жылдың желтоқсан айында оған жөтелге қарсы «Doc-1 Max» шәрбатын берген. Көп ұзамай қыздың бүйрегі істен шығып, зәр шығара алмай қалған.
Кішкентай қыз алдымен жергілікті ауруханаға жатқызылған, одан кейін Ташкенттегі ұлттық балалар медицинасы орталығына ауыстырылған. Жолда комаға түскен Мүслима бір аптадан кейін ғана есін жияды. Ізінше қыз бала 1 топтағы мүгедек болып қалған.
2022 жылдың соңынан бері Өзбекстанда ондаған адам үнділік Marion Biotech компаниясы шығарған «Doc-1 Max» шәрбатымен уланғаны белгілі болған.
Бұған дейін елдің қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс қозғап, Quramax Medical компаниясы мен дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығының жоғары лауазымды тұлғалары ұсталған.
Ресми мәлімет бойынша, бұл дәріден уланған 68 бала қайтыс болып, тағы 23 бала мүгедек болып қалған.
Бұл фактілерге қатысты сот 2023 жылдың тамызында басталды. Сот қайтыс болған балалардың ата-аналарының әрқайсысына 1 миллиард сум (шамамен 79 000 доллар), ал денсаулығына ауыр зиян келгендерге 500 миллион сум (шамамен 39 500 доллар) моральдық шығын төлеу туралы шешім шығарды.
Балалары дәріден уланған ата-аналар да денсаулық сақтау министрлігінің басшыларын кінәлады.
2023 жылы «Doc-1 Max» препаратын шығарған үнділік компанияның лицензиясы тоқтатылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үш елде осы жөтел сиропынан қайтыс болған 300-ге жуық баланың өлімін зерттеп жатқанын хабарлады.
Астана Ауғанстандағы жобаларға қызығушылық білдірді

Қазақстандық компаниялар Ауғанстан аумағындағы ірі жобаларға қатысқысы келеді деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер министрі, вице-премьер Мұрат Нұртілеу Кабулда тәліптер үкіметінің жоғары лауазымды шенеуніктерімен кездесу кезінде.
"Талибан" үкіметінің экономика жөніндегі вице-премьері Абдул Ғани Барадар Торғынды – Герат темір жол жобасын инвестициялау мақсатында Қазақстанмен 500 млн долларлық меморандумға қол қойылғанын хабарлады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ресми хабарламада құйылған қаражат көлемі айтылмайды. Онда "пәкістандық порттар бағыты бойынша жүк тасымалдарын қамтамасыз ете алатын «Торғынды-Герат» теміржолын салу мәселесі" қарастырылып жатқаны жазылған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Мұрат Нұртілеу Ауғанстанға сапары барысында сауда-экономика, транзит пен ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау және цифровизация саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Ол тәліптер үкіметінің сыртқы істер министрі, өнеркәсіп пен сауда министрлерімен кездескен. "Талибан" жағынан сыртқы істер мәселелеріне жауапты Әмір Хасан Муттаки Нұртілеумен екіжақты қарым-қатынасты дамыту, оның ішінде "саяси түсіністікті нығайту" мәселелерін талқылағанын мәлімдеді.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан "Талибанды" террористік ұйым тізімінен шығарып тастайтынын мәлімдеген. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өкілетті тұлғаларына қарата сөйлеген сөзінде Талибанды "ұзақмерзімді фактор" деп атап, Ауғанстанмен сауда-экономикалық әріптестікті дамытудың маңызына тоқталған.
Қазақстан Ауғанстанға астық пен үн тасымалдайды. Ауғанстан Қазақстанға жеміс-жидек, ішімдіксіз сусындар сатады.
Биыл сәуірде Кабулға Қазақстан ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин барған, сол кезде Астана Ауғанстанның темір жол жобасына жарты миллиард доллар қаражат инвестиция құюға дайын екені айтылған еді. Қазақстан тәліптер үкіметін ресми түрде мойындамаған.
Орталық Азия елдері кейінгі жылдары тәліптермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытып келеді. "Талибанды" террористік ұйым ретінде танымаған Өзбекстан мен Түркіменстан ауғандармен сауда қатынасы мен диалогты жандандырды. Қазақстанмен қатар Қырғызстан да 2024 жылы "Талибанды" террористік ұйымдар тізімінен алып тастады. Дегенмен Тәжікстан тәліптерге қатысты қатаң көзқарасын өзгерткен жоқ. Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон тәліптерді Ауғанстанның солтүстігінде тұратын этникалық тәжіктердің мүддесін де қорғайтын инклюзивті үкімет құруға шақырған.
Биыл Ресей де "Талибанды" террористік ұйымдар тізімінен алып тастады. Ресей бидігі бірнеше жылдан бері тәліптермен қарым-қатынасты дамытып, тәліптер делегациясын Мәскеуде жылы қабылдап келеді. Өткен аптада Мәскеу "Ауғанстан ислам эмиратын" (тәліптер берген ресми атау) ресми түрде мойындады.
Батыс елдері "Талибанды" Ауғанстанның заңды үкіметі деп мойындамайды.
АҚШ мемлекеттік департаменті қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығара бастады

АҚШ мемлекеттік департаменті қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығара бастады. Мұндай шара президент Дональд Трамп жариялаған федералдық мемлекеттік аппаратты барынша қысқарту кампаниясы аясында жүргізіліп отыр.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілінің сөзінше, 1 107 азаматтық қызметкер және 246 дипломатиялық қызмет өкілі жұмыстан кетпек. Үш күн бұрын басым бөлігі конвервативті судьялардан құралған АҚШ Жоғарғы соты Трамп әкімшілігінің мемлекеттік қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығару жоспарын мақұлдап, осылайша төменгі инстанция салған тыйымның күшін жойған.
Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ мемлекеттік департаменті қызметкерлеріне жұмыстан кететіні жөнінде ескерту-хат электронды пошта арқылы келеді, осыдан кейін олар әкімшілік демалысқа жіберіледі. Дипломатиялық қызмет өкілдері ескерту-хат келгенен кейін - 120 күннен соң, ал азаматтық қызметкерлер 60 күннен кейін ресми түрде жұмыстан шығарылады.
Америка дипломатиялық қызмет қауымдастығы (AFSA) бұл қадамды қатаң айыптап, оны "АҚШ-тың ұлттық мүддесіне қайшы соққы" деп бағалады.
"Әлемде тұрақсыздық орнаған шақта – Украинадағы соғыс, Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі және авторитарлық режимдер халықаралық тәртіпке қиындық келтіріп отырған шақта – АҚШ өзінің алдыңғы қатардағы дипломатиялық корпусын қысқартуды жөн көрді. Мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсымыз" деп жазылған AFSA мәлімдемесінде.
Былтыр АҚШ мемлекеттік департаментінде әлем бойынша 80 мыңнан астам адам істеген, 17 700-і – АҚШ аумағында қызмет атқарған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ведомствоны қайта құрылымнан өткізетінін сәуір соңында мәлімдеген. Әлеуметтік желіде жарияланған мақаласында қызметкерлердің 15% қысқартылатыны айтылған.
Ресей соты "Южуралзолото" активтерін мемлекет меншігіне алуға рұқсат берді

Ресейдің Челябинск қаласының соты "Южуралзолото" компаниясының негізгі меншік иесі Константин Струковқа тиесілі активтерді тәркілеуді сұраған Бас прокуратураның талабын қанағаттандырды. "Ведомости" басылымы бұл активтер мемлекет меншігіне алынады деп жазды. Сот отырысы жабық режимде өткен.
Сот шешіміне сәйкес, "Южуралзолото компаниялар тобы" акционерлік қоғамының бүкіл акциясы және "ЮГК басқарушы компаниясы" ЖШС-нің 100% үлесі мемлекет пайдасына алынады.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Константин Струков Челябинск облыстық заң шығарушы жиналысының депутаты бола жүріп, мемлекеттік қызметті кәсіпкерлік қызметпен қатар атқарған және содан жеке пайда тапқан.
"Коммерсант" газеті Струков өзіне тыйым салынғанына қарамастан, елден кетіп қалмақшы болған деп жазды. Алайда компания өкілдері ондай ақпаратты жоққа шығарды.
- Биылғы сәуір айындағы ресейлік Forbes басылымының миллиардерлер тізімінде Константин Струков 78-орында тұр. Оның байлығы шамамен екі миллиард доллар деп бағаланған.
- "Новая газета Европа" басылымы мен "Трансперенси Интернешнл – Россия" ұйымының дерегінше, соғыс басталғалы бергі екі жыл ішінде Ресейде 180 жеке меншік компания мемлекет бақылауына өткен. 2023 жылы Ресей билігі мемлекет иелігіне алу жөнінде 27 талап-арыз берген – бұл рекордтық көрсеткіш. Активтерді тәркілегенде көбіне мүлікті заңсыз иеленген және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды бұзған дегенді алға тартқан. 2023-2024 жылдары Ресей билігі жалпы құны бір триллион рубльден асатын активтерді мемлекет иелігіне алуға талпынған немесе көздеген мақсатына жеткен.
ПІКІРЛЕР