2014 жылы Донбаста соғыс басталғалы бері және 2022 жылдың ақпандағы ауқымды басқыншылыққа дейін Ресей президенті Владимир Путин "орыс тілі мен сол тілде сөйлейтіндерді Киев үкіметінен қорғау қажеттігін" алға тартып, Мәскеудің Украинаға қарсы басқыншылығын ақтауға тырысқан.
Алайда он жылдан астам уақытқа созылған озбырлық барысында Украинаның оңтүстігі мен шығысындағы басып алынған аумақта тұратын украиналық ресми тұлғалар мен белсенділердің сөзінше, Ресей украин тілін жоюға тырысып жатыр. Бір бөлігі осы аймақтарды орыстандыру және украиндардың өзіндік болмысын жоюды көздейтін ауқымды науқан аясында да жүргізіліп отыр.
1 қыркүйек, жаңа оқу жылынан бастап Ресей бұл бағытта ірі қадамға бармақшы: оқу-ағарту министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, оккупацияланған аумақтарда украин тілі бастауыш және орта мектеп бағдарламасынан алынбақ.
Құжатта украин тілін алып тастауға "әлемде геосаяси жағдайдың өзгеруі" түрткі болғаны жазылған.
Алайда украиналық шенеуніктер мен белсенділердің пікірінше, мұндай қадамның мақсаты – өзгеріс емес, күштеп таңу – Мәскеудің Қырымға және ауқымды соғыс басталғаннан кейін жеті айдан соң Путин негізсіз "Ресейдің бөлігі" деп жариялаған төрт аймаққа: Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарына бақылауды күшейту үшін жасалған.
Мұндай бұйрық Украинаны егемен болуға құқығы жоқ деп санайтын және оны Ресейдің бір бөлігі деп есептейтін Путиннің оны бағындыру талпыныстарымен ұштасып жатыр. Ол сондай-ақ орыс пен украин "бір халық" деп жалған мәлімдеме жасаған, бұл өтірік тұжырымды Ресейдің мемлекеттік насихат машинасы үнемі қайталап келеді.
"Мәдени даралықтың өте маңызды екенін және украин тілін білетін адам болашақта украин әлемі мен украин қоғамының бір бөлігіне айналатынын басқыншылар жақсы түсінеді", – деді Донецк және Луганск облыстарындағы украиндар халық радасының төрағасы Станислав Федорчук.
"Ресейдің мақсаты – тілден ажыратып, оны білім процесінен алып тастау", – деді ол.
Ол мақсат белгілі бір дәрежеде орындалды да, бұл әсіресе Ресей 2014-2015 жылдардан бері бақылап отырған Қырым мен Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігіне қатысты.
Донбастың Ресей бақылауындағы бөлігінде мектепте оқыған, ал қазір Украинаға қарайтын аймақта оқу орнында білім алып жатқан 18 жастағы студент Оля Азаттық радиосына оккупациядан кейін украин тілі мен әдебиеті бір пәнге біріктіріліп, бастапқыда аптасына бір рет өткізіліп, кейін мүлде сиреп кеткенін, ал 2020 жылы мүлде алынып тасталғанын айтты.
Станислав Федорчуктың сөзінше, Ресей оккупацияланған аймақтарда "оқушыларды түрлі милитаризацияланған немесе жартылай әскери құрылымдарға тарту үшін" мектептерді пайдаланып жатыр – "сол балалар кейін Ресей үшін соғысады" деген мақсатты көздейді. Ал мұндай жүйеде украин тілі мен украиналықтарға орын жоқ.
Ресей оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023-2024 оқу жылы украин тілі оккупацияланған Запорожье мен Херсон облыстарында міндетті пән ретінде оқытылған, ал Қырым мен басып алынған Донецк және Луганск облыстарында ата-аналардың сұранысы бойынша оқытылған.
Федорчуктың сөзінше, украин тілін мектеп бағдарламасынан алып тастау жекелеген мектептерге оны оқытуға кедергі болған жоқ, алайда мұндай сабақтар негізгі сабақ кестесінен бөлек жүргізілуі керек: ал бұл мектеп әкімшілігінен бастап оқушылар мен олардың ата-аналарына жайсыз тиюі мүмкін.
"Олар мұны "міне, оккупацияланған аймақтардағы мектептерге украин тілін сақтап қалу еркіндігін бердік" деп айту үшін осындай саңылау қалдырып отыр", – деді ол.
Ал іс жүзінде украиналық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының тұжырымы бойынша, украин тілін үйрену немесе оқыту – қашықтан болсын я мектептен болсын – кез келген мұндай талпыныс қудалануы мүмкін.
"Ресей билігі мен олар тағайындаған өкілдер украиналық білім беру бағдарламасы бойынша қашықтан білім алғаны үшін жазалаған және балаларын орыс мектебіне бермеген немесе украин бағдарламасы бойынша қашықтан оқытқан ата-аналарға "айыппұл саламыз, ата-ана құқығынан айырамыз және қамауға аламыз" деп қорқытқан", – деп жазылған Human Rights Watch ұйымының 2024 жылы маусымда жариялаған есебінде.
Ресей басып алған Украина аймақтарында мектеп жасындағы шамамен 600 баланың 44 мыңы – яғни, 7 пайызы Украина билігіне қарайтын мектептерде қашықтан оқиды. Мұндай деректі "Альменда" азаматтық ағарту орталығы келтірді. Бұл украиналық ұйым соғыс кезінде балалардың құқығын бұзу фактілерін құжатқа түсірумен айналысады.
Мектептер, мұғалімдер мен оқушыларға қысым украин тілі мәселесімен шектелмейді.
"Оккупациялық билік... украиналық мұғалімдерді өздерімен әріптестікке мәжбүрлеу үшін немесе оқушылардың жеке деректері мен өзге де мектеп құжаттарына қол жеткізу үшін мәжбүрлеу, ұстау, дөрекі қарым-қатынас жасау және азаптау әдіс-амалдарын қолданды", – деп жазылған америкалық құқық қорғау ұйымының есебінде.
Херсон мен Запорожье облыстарының едәуір бөлігін басып алғаннан кейін Ресейдің оккупациялық билігі ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, олардың шамамен жартысы балаларының украин тілін оқығысы келетінін анықтаған деді "Альменда" сарапшысы Олег Охредько Азаттық радиосына.
Дегенмен, оның сөзінше, оккупациялық билік мектептер мен кітапханалардан украиналық кітаптарды тәркілеп, кейде оларды өртеп, бір бөлігін ресейлік оқулықтармен алмастырған.
Охредьконың сөзінше, Азов теңізі жағалауындағы Бердянск қаласы мен Запорожье облысының өзге де елді мекендерінде ресейлік күштер кейбір мұғалімдерді бірнеше күн жертөлелерде ұстап, қорқытып, әріптестікке мәжбүрлеген. Осыдан кейін педагогтардың бір бөлігі басқа жаққа қоныс аударған.
Human Rights Watch ұйымының пікірінше, Ресейдің украин тілін оқытуға қатысты шектеулері мен жаңа оқу бағдарламалары, оның ішінде Ресейдің Украинаға басқыншылығын ақтап, қазіргі украин үкіметін "жаңа неонацистік мемлекет" ретінде сипаттайтын оқулықтар да бар, олар көптеген халықаралық келісімдер мен стандарттарға қайшы.
"Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқығы туралы конвенциясы балалардың "өз мәдени ерекшелігін, тілін және құндылықтарын", сондай-ақ туған елінің "ұлттық құндылықтарын" құрметтеуге ықпал ететін білім алу құқығына кепілдік береді", – делінген HRW ұйымының былтырғы баяндамасында.
"Ресейдің оккупацияланған аумақтардағы білім беру жүйесіне өзгертулер енгізуі адам құқығына қатысты басқа да халықаралық стандарттарды бұзады, оның ішінде соғысты насихаттауға тыйым салу, балалардың ана тілінде білім алу құқығы және ата-ананың балаларын оқыту түрі мен мазмұнын таңдау құқығын бұзады", – деп көрсеткен халықаралық ұйым.