Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда шенеунік "Ақжайық" тілшілерінің үстінен полицияға арыз түсірді

Атырау облысы әкімдігі.
Атырау облысы әкімдігі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев полициядан жергілікті өңірден ақпарат тарататын "Ақжайық" басылымының бас редакторы Азамат Майтанов пен басылым тілшісі Фархат Әбіловті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр. Бұл жөнінде басылымның өзі хабарлады.

Интернет-басылымның жазуынша, оған 18 қазанда сайтта жарияланған "Атырау облысы әкімінің орынбасары қылмыстық іске тартылды" (Заместитель акима Атырауской области стал фигурантом уголовного дела) деген материал негіз болған. Онда шенеуніктің ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік етіп тұрған тұста 80 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз бөлді деген күдікке ілінгені, қылмыстық іс қозғалғаны жазылған. Материал авторы облыстық әкімдіктегі дереккөзге сүйеніп жазған. Журналист Фархат Әбіловтің айтуынша, жаңалық шыққаннан кейін екі сағаттан соң ақпарат ресми түрде расталған.

"Журналистер тарабынан ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Сайтта жаңалық шықты. Одан кейін бірнеше сағаттан соң облыс әкімдігі кәдімгідей ашық түсініктеме берді. Ол жерде ол кісінің [Нұрлыбаевтың] не үшін күдікке ілінгені, қылмыстық істің фабуласы, оның күдікті екенін бәрін көрсеткен" деді журналист Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, шағым түсіруші тарап редакция өкілдерін "кінәсіздік презумпциясын бұзды", "жеке мәліметтерді жариялады" және "ар-намысты қорлады" деп кінәлап отыр.

Шағым түсірушінің сотқа дейінгі шағым хатында сайттағы ақпараттың "бұрмаланғаны", іс бойынша әлі "сараптама тағайындалмағаны" жазылған. Одан бөлек, хат авторы Қылмыстық кодекстің 147-бабына (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу)сүйене отырып, ақпарат құралдарында азаматтың "жеке өмірі жайлы құпия мәліметті оның келісімінсіз жариялағаны үшін" қылмыстық жауапкершілік көзделгені ескертілген. Шағым түсіруші ақпаратты терістеп, кешірім сұрауды, одан бөлек құпия дереккөзді ашуды талап еткен.

Ал "Ақжайық" шағым түсірушіге берген жауабында "ешқандай заңды бұзбағанын" атап өткен.

"Басылым Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқаны жөнінде объективті ақпарат берді. Мәтінде оның қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылғаны жөнінде бірде-бір сөз жоқ, тек факт ғана бар және оның неге айыпталып отырғаны жазылған" делінген жауапта.

"Журналистің дерекөзді айтпай, ақпаратын пайдалануға құқығы бар. Оның үстіне ол ақпарат ресми түрде расталып отыр. Осыған орай редакция ақпаратты терістемейді және Қ.Нұрлыбаевтан кешірім сұрамайды" делінген редакция жауабында.

Қазақстанда шенеуніктер ақпарат құралдарының үстінен жиі шағым түсіреді. Қыркүйек айында Жамбыл полициясы тамыздың соңында әскери қоймада болған жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғап, журналистер полицияға шақыртылған. Іс қоғамда резонанс тудырғаннан кейін қылмыстық іс тоқтады.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының хабарлауынша, қыркүйек айында бірнеше журналист қылмыстық қудалауға ұшыраған. “Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

Басқа да жаңалықтар

АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевке барды

АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевтің орталық теміржол вокзалында өзін күтіп алған Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакпен амандасып жатыр. 14 шілде, 2025 жыл.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевтің орталық теміржол вокзалында өзін күтіп алған Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакпен амандасып жатыр. 14 шілде, 2025 жыл.

14 шілде күні таңертең АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украинаға барды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак хабарлады. Ол Келлогты Киевтің орталық теміржол вокзалында өзі қарсы алған.

"Қорғаныс, қауіпсіздікті нығайту, қару-жарақпен қамту, санкциялар, халқымызды қорғау, Украина мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты арттыру – біз талқылайтын тақырып өте көп", – деп жазды Ермак Келлогпен кездесуінің видеосымен қоса жариялаған хабарламасында.

Бұған қоса Ермак "Ресей атысты тоқтатуға ниетті емес" екенін тағы да қайталап айтып, "бейбітшілікке күштеп көндіру – АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымы, біз бұл тәсілді қолдаймыз" деген.

Кит Келлог өткен аптада Римде Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияға барған кезде Киевке ұзақ мерзімді сапар шегуді жоспарлап отырғанын жариялаған.

"Біз дүйсенбі күні Киевке барамыз. Апта бойы сонда боламыз", – деген еді сол жолы Келлог.

9 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский Римде Кит Келлогпен кездескен. Зеленскийдің айтуынша, кездесуде Украинаға АҚШ қаруын жеткізу және Ресейге қарсы санкциялар мәселесі талқыланған.

Батыс басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде билікке екінші рет келгелі бері алғаш рет Украинаға әскери көмек пакетін мақұлдамақшы деп хабарлап жатқан шақта Келлог Киевке сапармен барып отыр. "Президенттік шұғыл көмек бастамасы" (Presidential Drawdown Authority) бағдарламасы аясында көрсетілетін бұл көмекті АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауын күтпей-ақ, өзі шешім қабылдап, бере алады.

Осы кезге дейін Украина АҚШ-тан бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігі кезінде мақұлданған бағдарламалар бойынша бөлінген әскери көмекті алып келген болатын.

Трамп Украинаға Patriot кешендері жеткізіледі деп жариялады

АҚШ-тың Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешені
АҚШ-тың Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешені

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешендері жеткізілетінін жариялады. Оның сөзінше, бұл кешендерге Еуропа одағы ақша төлемек. Мұндай ақпаратты Reuters агенттігі таратты.

Трамп Patriot зенит-зымыран кешендері Украинаға өзін-өзі қорғауға қажет деп мәлімдеген.

"Путиннің сөзі жақсы, бірақ сосын кешке бәрін бомбылайды", – деген ол Вашингтон маңындағы әскери базаға барған кезде журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Алайда, ол Украинаға нақты неше кешен жіберілетінін айтпады.

Өткен аптада Трамп дүйсенбіде, яғни бүгін Украинадағы соғысқа байланысты "маңызды мәлімдеме" жасайтынын айтқан еді. Axios агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Киевке жаңа, ауқымды қару-жарақ жеткізуді жарияламақ. Оның ішінде алыс қашықтағы нысаналарды атуға арналған зымырандар да бар.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, жаңа әскери көмек пакеті аясында Киевке Ресейдің ішкі өңірлеріне, соның ішінде Мәскеуге дейін жете алатын зымырандар да беріліп қалуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты әзірге ешкім ресми түрде растаған жоқ.

  • 14 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 136 дронмен шабуыл жасады деп хабарлады Украина армиясы, олардың 28-і көздеген нысанаға жеткен. Дрондарға қоса, Ресей күштері бұл шабуылда бірнеше зымыран қолданған.

Перизат Қайрат ісі жайлы процесте судья БАҚ өкілдерінің жұмысына ішінара шектеу қойды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ғимараты.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ғимараты.

Қаржы жымқыру және алаяқтық баптары бойынша айып тағылған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайраттың ісі бойынша сот процесі кезінде айыпталушыларды, олардың адвокатын фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей трансляция жүргізуге тыйым салынады. Дүйсенбі, 14 шілде күні осы істі қарайтын Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотының судьясы Сабыржан Кәрімов осылай деп ұйғарды.

Судья Кәрімов айыпталушылардың сот тергеуі барысында олардың берген жауабын, түсіндірмелерін тыңдағанда, оған қоса айғақ-дәлелдерді зерттеу кезінде БАҚ-ты қатыстырмауды сұрап берген арызын қанағаттандырғанын хабарлады. Өйткені жеке басқа қатысты мәліметтер қаралған кезде құпиялығын сақтауды заң талап етеді деп түсіндірді судья өз шешімін.

Сондықтан БАҚ өкілдері – журналистер мен операторлар процесс барысын сот ғимаратындағы баспасөз орталығынан монитордан көретін болады.

Дүйсенбі күні Перизат Қайраттың ісі бойынша негізі сот процесі басталғанда мемлекеттік айыптаушы Мәдина Оразалина айыптау актісін оқыды.

"Перизат Қайрат "Біз біргеміз" акциясының халық арасында кеңінен қолдау тапқанын біле отырып, азаматтар мен заңды тұлғалардың қайырымдылыққа деп аударған қаражатты алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен иемденуді көздеген қылмыстық ниетпен әрекет етті. Қайрат Перизаттың қылмыстық жоспары – халық арасында танымал болған "Біз біргеміз" ұранын пайдаланып, осы атаумен қоғамдық бірлестік құру болған", – деді прокурор.

Оның сөзінше, Перизат Қайрат қоғамдық бірлестіктің банктегі шоттарын өзі мен анасы – Ғайни Алашбаеваның атына ашып, "азаматтардың көмекке мұқтаж адамдарға қайырымдылыққа деп берген қаражатын жеке бас пайдасына жаратуды мақсат еткен" және "қылмыстық жолмен алынған табысты туыстары мен сенімді адамдардың көмегімен заңдастырып, ақшаның шығу тегін жасырған".

Осы іс бойынша 9 шілде күні өткен алдын ала сот тыңдауында Перизат Қайрат өзі қамауда отырған тергеу абақтысы қызметкерлері "күш көрсетті" деген мәлімдеген. Оның сөзінше, "мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, денесіне жарақат келтірген".

Қайраттың бұл мәлімдемес прокуратураға жолданып, Астана қаласының полиция департаменті Қайраттың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды және тиісті сараптама тағайындалды деп хабарлады.

Полиция департаментінің мәлімдеуінше, тергеу аясында қамау мекемесінің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттеліп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынған.

"Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша, П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр", – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті 10 шілде күні.

Перизат Қайрат былтыр қараша айында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегіне сәйкес, күдікті Астанадағы төрт элиталық тұрғын үй кешенінен пәтерлер, сондай-ақ Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval маркалы автокөліктер мен қымбат бұйымдар сатып алған. Кейін оған қосымша, Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге жиналған 200 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Перизат Қайрат тергеу кезеңінде екі айға қамауға алынып, кейін оның мүлкі бұғатталды.

Айыпталушылар тарапы олардың тағылып отырған айыппен келісетіні не келіспейтіні жайлы ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.

Перизат Қайрат ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуге кірісті. Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.

Ресей мен Қытай сыртқы істер министрлері Пекинде кездесті

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Пекинде Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөз жүргізді. Лавровтың бұл сапары Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сыртқы істер министрлерінің Қытайда өтіп жатқан кездесуіне орайластырылған.

"Тараптар АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастарды және Украина дағдарысын саяси-дипломатиялық жолмен реттеу болашағын талқылады", – деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрлігі.

Қытай мен Ресей 2022 жылдың ақпанында – Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық жасардан бірнеше күн бұрын – президент Владимир Путин Пекинге барған кезде "шектеусіз серіктестік" туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Қытай ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қатысты бейтарап ұстанымда екенін мәлімдеп, Украина аумағының тұтастығына құрметпен қарайтынын айтып келеді. Сонымен бірге Қытай Ресейдің қауіпсіздік мәселелері де ескерусіз қалмауы керек дейді.

Алайда, Азат Еуропа / Азаттық радиосына аты-жөнін жарияламай сұхбат беруге келіскен Еуроодақ шенеуніктерінің сөзінше, 2 шілде күні Брюссельде өткен келіссөздер кезінде Ван И Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Калласқа Қытай Ресейдің бұл соғыста жеңілуіне жол бере алмайтынын айтқан. Оның себебі – Ресейдің жеңілісі АҚШ-қа Қытайға көбірек назар аударуға мүмкіндік береді.

Калласпен әңгіме барысында Ван И ҚытайРесейге әскери немесе қаржылай қолдау көрсетіп отыр деген айыптауларды жоққа шығарған. Каллас болса Пекинді Украинадағы атысты тоқтату жөніндегі бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.

Зеленский: алыстағы нысаналарға шабуыл жасауға дайындалып жатырмыз

Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) мен Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский. 26 маусым, 2023 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) мен Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский. 26 маусым, 2023 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі, 13 шілде күні елдің әскери басшылығымен кеңес өткізді.

Зеленскийдің әлеуметтік желіде жазуынша, Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскиймен және Бас штаб бастығы Андрей Гнатовпен кездесуде майданның маңызды тұстарындағы жағдай егжей-тегжейлі талданған. Атап айтқанда, Покровск және Новопавловск бағыттары, Запорожье мен Харьков облыстары, сондай-ақ Сумы облысының шекараға жақын аймақтарындағы жағдай пысықталған.

Ресей әскері шабуылдарын жалғастырып жатыр, алайда олардың әр талпынысына украин жауынгерлері табандылығы мен белсенді қорғанысының тиімділігінің арқасында тойтарыс беріп отыр деді Зеленский. Оның сөзінше, Ресей армиясысы жазғы науқан кезінде өз басшылығы алға қойған мақсат-міндетінен едәуір артта қалып отыр.

"Украин бөлімшелері қарсыласқа шығын келтіріп жатыр және соғыс қимылдарын Ресей аумағына көшіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Қазіргі уақытта алыс қашыққа шабуылдар жасауға дайындықтар жүргізіліп жатыр", — деп мәлімдеді Украина президенті.

Бұдан бөлек жексенбідегі кеңесте АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогтың Украинаға сапарына дайындық және Украинаға қару-жарақ жеткізу мен қорғаныс өнімдерін халықаралық серіктестермен бірлесіп өндіруді кеңейту мәселелері бойынша үйлестіру жұмыстары талқыланған.

Зеленский келтірген деректерге сәйкес, қазіргі таңда Украинаға қажет қару-жарақтың шамамен 40% ел ішінде өндіріліп жатыр.

Техастағы тасқын салдары: 160-тан астам адам әлі табылмай жатыр

Тасқын құлатып кеткен ағаштар мен төңкеріліп қалған көлік құралдарының қасында тұрған адам. Техас штаты, АҚШ, 5 шілде, 2025 жыл.
Тасқын құлатып кеткен ағаштар мен төңкеріліп қалған көлік құралдарының қасында тұрған адам. Техас штаты, АҚШ, 5 шілде, 2025 жыл.

АҚШ-тың Техас штатында болған тасқын салдарынан қаза тапқандар саны 129 адамға жетті, ал тағы 166 адамнан ешқандай хабар жоқ. Бұл туралы жергілікті биліктің деректеріне сүйеніп, ABC News агенттігі хабарлады.

Тасқыннан ең қатты зардап шеккен Керр округінде кемінде 103 адам қаза тапқан, олардың 36-сы – бала. Қайтыс болғандардың кемінде 27-сі Гуадалупе өзенінің жағасында орналасқан Camp Mystic деп аталатын қыз оқушыларға арналған жазғы лагерьде демалып жатқан балалар мен тәрбиешілер. 4 шілдеге қараған түні толассыз жауған нөсердің салдарынан тасыған Гуадалупе өзені кенет арнасынан асып, жойқын екпінмен төңірекке жайылған.

Кемі 111 адам суға кеткен. АҚШ-та тасқын тағы бір штатқа жайылып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:25 0:00

11 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Техасқа барып, жедел қызмет өкілдері мен жергілікті шенеуніктермен бірге жиынға қатысты.

"Біз мұнда бірінші ханым екеуіміз осынау сұмдық әрі адам шығынына әкелген тасқынға байланысты бүкіл еліміз атынан Техас халқына қайғысына ортақтасып, көңіл айтуға және қолдау танытуға келдік. Мұндай апаттың қалайша және не себепті болғанын ешкім де нақты айта алмай отыр", – деген Трамп.

Газа секторында жұрт су алатын жерге зымыран түсіп, сегіз адам қаза тапты

Зымыран түскен жерде болған баланы көтеріп әкеле жатқан адамдар. Газа секторы, 13 шілде, 2025 жыл.
Зымыран түскен жерде болған баланы көтеріп әкеле жатқан адамдар. Газа секторы, 13 шілде, 2025 жыл.

13 шілде күні Газа секторындағы Нусейрат босқындар лагерінде бос ыдыстарын ұстап, су алуға келген бір топ адам тұрған жерге Израиль күштері атқан зымыран түскен. Салдарынан кемінде сегіз адам қаза тауып, он жеті адам жараланған.

Reuters агенттігі жергілікті биліктің дерегіне сүйеніп, қаза тапқандар арасында алты бала бар, ал жараланғандардың көпшілігінің жағдайы өте ауыр деп хабарлады.

Израиль армиясы зымыран АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған "Исламдық жихад" тобының содырын нысанаға алған еді, бірақ "техникалық ақауға байланысты", көздеген жерден ондаған метр ауытып кеткен деп мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.

"ЦАХАЛ бейбіт тұрғындарға келтірілген кез келген зиянға қыжылыс білдіреді", – делінген ресми мәлімдемеде.

Ресей бір аптада Украинаны 1800 дронмен және 83 зымыранмен атқылады

Дрон және зымыран шабуылдары туралы коллаж
Дрон және зымыран шабуылдары туралы коллаж

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбідегі кезекті үндеуінде кейінгі аптада Ресей күштерінің Украина аумағына жасаған ауқымды шабуылдары туралы айтты. Оның сөзінше, апта ішінде Ресей армиясы Украина аумағын атқылауға 1800-ден астам дрон, 1200-ден астам басқарылатын авиация бомбасын және түрлі типтегі 83 зымыран қолданған.

"Ресей біздің қалаларымыз мен елді мекендерімізге қарсы террорды күшейтіп, халықты барынша қорқытуға тырысып жатыр", — деді Зеленский.

Ресейдің қарқынды шабуылдарына қарамастан, Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері оған тойтарыс берген кезде тиімділігін көрсетіп келеді деді Зеленский. Ол әсіресе дрондарға тосқауыл қоятын құралдардың жұмысын ерекше атап айтты. Осы аптада солардың көмегімен Ресей қарулы күштері белсенді түрде пайдаланатын ирандық жүздеген "Шахед" дроны атып түсірілген.

Зеленскийдің сөзінше, "камикадзе-дрондар" — Ресей соғысты созуға пайдаланып отырған қару түрлерінің бірі. Бұл қауіп-қатерді залалсыздандыру — қарулы қақтығысты тоқтату мақсатын көздейтін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға қажет деді Украина президенті.

CBS: Трамп Украинаға көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Украинаға әскери қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазды дереккөздерге сүйенген CBS News.

Басылымның жазуынша, бұл Ресейге "сигнал жіберу" мақсатында жасалған да болуы мүмкін. Осы аптада Ресей бір түнде Украинаға 7 қанатты зымыран мен алты "Кинжал" аэробаллистикалық ракета, 728 дрон ұшырып, соғыс басталғалы бері ең ірі шабуылын жасаған.

Украинаға жаңа көмек қайдан алынатыны белгісіз, бірақ CBS News дереккөзінің сөзінше, Трамптың Джо Байден әкімшілігінен қалған 3,85 млрд долларды Украинаға бөлуге өкілеті бар. Бұл қаражат Украинаға америкалық әскери техниканы жіберу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Бұған қоса, президент шамамен 5 млрд доллар болатын бұғатталған ресейлік активтерді кәмпескелеп, Украинаға бере алады. CBS News-дің жазуынша, Трамп та, Байден де бұл құқықты пайдаланбаған.

  • 2022 жылдан бері АҚШ Украинаға ондаған миллиард доллар әскери көмек берген. Бұған дейін Трамп бұл шығынды сынап, Украина мен Ресейді бейбіт келісімге келуге шақырған. Ол екеуін де алма кезек сынаған.
  • Кейінгі күндері Трамп Ресей президенті Владимир Путинді қатаң сынап келеді. 8 шілдеде кабинет отырысы кезінде Америка басшысы "шынына келсек, Путин бізді бос сөзбен алдарқатып келеді. Ол өзін өте әдепті ұстайды, бірақ мұнысы мағынасыз болып барады" деді. 10 шілдеде NBC арнасына берген сұхбатында Ресейден "қатты көңілі қалғанын" айтып, дүйсенбі, 14 шілдеде маңызды мәлімдеме жасайтынын айтқан.

Солтүстік Корея Ресейге 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін

Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. 19 маусым, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. 19 маусым, 2024 жыл.

Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снаряд жеткізіп жатыр, Пхеньян барлығы 152 мм калибрлі 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея барлау қызметіне сүйенген "Ренхап" агенттігі жазды.

Барлау қызметінің дерегінше, осыған дейін Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снаряд тиелген шамамен 28 мың контейнер жөнелткен.

"Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді.

Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, онда өзара әскери көмек туралы пункт те бар. Былтыр күзден бері Оңтүстік Корея барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнайы қызметі Ресейге солтүстіккореялық сарбаздардың келгенін хабарлаған. Олар Украина әскерімен шайқастарға қатысқан. Ізінше олардың бір бөлігінің соғыста қаза болғаны хабарланды.

AFP: Бакуде Израиль және Сирия өкілдері кездесті

Сирия және Әзербайжан президенттері Ахмед әш-Шараа және Илхам Әлиев
Сирия және Әзербайжан президенттері Ахмед әш-Шараа және Илхам Әлиев

Сирия президенті Ахмед әш-Шараа Бакуге барған күні Әзербайжан астанасында Израиль және Сирия өкілдерінің тіке кездесуі өтті. Бұл жөнінде Дамаскідегі аты-жөнін атамаған дереккөзге сүйенген AFP жазды.

Дереккөз дегенмен Сирия президентінің "Израильдің Сириядағы әскери қимылы" талқыланған кездесуге қатыспағанын айтты.

Былтыр желтоқсанында Сирияда Башар Асад режимі құлағаннан кейін Израиль Сирияның әскери нысандарына әуеден соққы беріп, өз әскерін БҰҰ бақылауындағы буферлік аймаққа жіберген.

"Әл-Каидамен" байланысы үшін Сирияның жаңа үкіметіне сенімсіздік танытып, ондағы әскери нысандарды қиратқан Израильдің әрекетіне қарамастан Ахмед әш-Шараа "Сирия көршілермен жанжалдаспайды" деп талай мәлімдеп, атқылауды тоқтату үшін халықаралық қауымдастықты Израильге қысым жасауға шақырған еді. Жуырда Сирия үкіметі буферлік аймақ құруды көздеген 1974 жылғы келісімге оралу мақсатында Израильмен тіке емес келіссөз жанданғанын растаған.

Маусым соңында Израильдің сыртқы істер министі Гидеон Саар Израиль Сириямен қарым-қатынасты қалпына келтіруге мүдделі деп мәлімдеген. Кейбір дереккөздер Израильмен келісім төңірегіндегі әңгімелерді "асығыстық" деп атағанмен АҚШ-тың Сирия бойынша арнайы уәкілі Том Барак осы аптада "Сирия мен Израиль арасында диалог басталды" деп мәлімдеген.

Мамыр айында Сирия президенті Ахмед әш-Шараамен Эр-Риядта кездескеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Сирия Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтірген өзге де араб елдеріне қосылатын болар деп үміттенген.

Сирия президенті Бакуға сапары барысында Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен сөйлескенін екі елдің үкіметтері де растады. Әзербайжан екі елдің негізгі одақтасы Түркия арқылы Сирияға газ экспорттала бастағанын айтты.

Қазақстанда талапкерлерден білім грантына өтініш қабылдау басталды

Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу үшін талапкерлерден грантқа өтініш қабылдау басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, талапкерлерден өтініш 13 мен 20 шілде аралығында қабылданады.

Құжаттарды egov.kz арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы тапсыруға болады.

Гранттар конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі шекті баллдар белгіленген:

  • «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
  • «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
  • ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
  • басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл;
  • Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл.

Министрліктің айтуынша, жоғары оқу орындарының шекті балды белгілеуге құқығы бар. Білім гранты иелері 10 тамызға дейін жарияланады.

Биыл ҰБТ-ға шамамен 210 мың талапкер қатысқан. Мемлекет 2025 жылы бакалавриат бойынша 77 мыңнан астам білім грантын бөледі.

Былтыр білім гранты бөлінген кезде жоғары балл жинаған, бірақ грант ала алмаған қазақстандық талапкерлер гранттардың әділетсіз бөлінгенін айтып, кейбірі министрлікті сотқа берген еді. Гранттан қағылған талапкерлердің наразылығынан кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары бал алған түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтқан.


Axios: Мәскеу Иран уранды байытудан толық бас тартуы тиіс деп санайды

Ресей және Иран басшылары Владимир Путин және Масуд Пезешкиан. Мәскеу, 17 қаңтар 2025 жыл.
Ресей және Иран басшылары Владимир Путин және Масуд Пезешкиан. Мәскеу, 17 қаңтар 2025 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп және Иран өкілдерімен жабық келіссөз кезінде Иранның уранды байытудан толық бас тартуын қарастыратын ядролық келісімді қолдаған. Бұл жөнінде үш еуропалық және бір израильдік дереккөзге сүйенген Axios басылымы жазды.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, Мәскеу Тегеранға уранды байытудан бас тартуға кеңес берген. Осындай ұстанымын Ресей жағы АҚШ, Израиль мен Францияға да жеткізген. Келісім жасалған жағдайда Ресей Ираннан жоғары байытылған уранды алып кетуге дайын.

"Путин уран байытудан бас тартуды қолдайды. Ол ирандықтарды америкалықтармен келіссөзді тиімдірек ету үшін осы бағытта жұмыс істеуге шақырды. Ирандықтар мұны қарастырмайтындарын айтты" деп Axios басылымы еуропалық шенеуніктердің бірінің сөзін келтірді.

Басылымның жазуынша, Мәскеу көптің алдында Тегеранның уран байыту құқығын қолдағанмен Израиль мен Иран арасында жуырдағы 12-күндік соғыстан кейін Кремль ұстанымын қатайтқан. Нәтижесінде Иранның Ресейден көңілі қалды деп жазды Axios.

Ресей сенбіге қараған түні Львов, Черновцы, Луцк және Харьков қалаларын атқылады

Черновцы қаласына жасалған шабуылдың салдары. 12 шілде 2025 жыл.
Черновцы қаласына жасалған шабуылдың салдары. 12 шілде 2025 жыл.

12 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға ракета және дрондармен жаппай шабуыл жасады. Львов, Черновцы, Луцк, Харьков қалалары атқыланды.

Львовта 6 адам жарақаттанды. Қалада екі көп қабатты үй, балабақша, ондаған көлік бүлінді. Сымдар үзілгендіктен троллейбустар істемей қалған.

Жергілікті билік мәліметінше, екі өнеркәсіп нысанына зиян келген. Ресей әскері "Электрон" корпорациясының ғимаратын нысанаға алған болуы мүмкін.

Черновцы қаласында дрон мен ракета бөлшектерінің құлауы салдарынан екі адам қаза болды, төрт адам ауыр жарақаттанды. Он адам жеңіл жарақаттанған. Тұрғын үйлер мен дүкендер, әкімшілік ғимараттар мен көліктер бүлінді.

Луцкіде жеке үй қирап, көрші ғимараттың әйнегі сынған. Көлік өртенген. Адам шығыны жоқ.

Харьков қаласында әскери әкімшілік мәліметінше, Киев ауданындағы нысандарға соққы тиген. Шабуыл кезінде екі авиабомба мен 8 дрон қолданылған деп айтылады. Кәсіпорын, тұрғын үй, гараж бен автомобиль бүлінді.

Днепропетровск облысында бүгін таңертең Ресей әскерінің тастаған авиабомбасынан екі адам мерт болды. Бұған қоса, кеше қаланы атқылау кезінде ауыр жараланған бір тұрғын ауруханада қайтыс болды.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің хабарлауынша, түнде Ресей әскері 26 қанатты зымыран мен 600-ге жуық дрон жіберген.

Украинаның әуе күштері Х-101 деп аталатын 25 қанатты зымыран мен 319 соққы дронын атып түсіргенін хабарлады. Тағы 258 дрон-имитатор радиоэлектронды күрес құралдарымен істен шығарылған.

Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болды

Каска. Көрнекі сурет.
Каска. Көрнекі сурет.

Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болды. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Оқиға 12 шілдеде таңертең Назарбаев даңғылының бойында болған. Жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшының басы жарақаттанған. Ол қорғаныш каскасыз істеген деп айтылады. Алған жарақаттан жұмысшы оқиға орнында қаза болды.

"Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды" деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның жай-жапсары тергеу кезінде анықталатыны айтылды.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмауы салдарынан жұмысшылар жиі қаза болады. Биыл мамырда Шығыс Қазақстан облысында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG